Құрметті ата-аналар!
Бүгін бала өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі – балабақшаға бейімделу туралы әңгімелескелі отырмыз. Кішкентай бала үшін балабақша – жаңа орта, жаңа адамдар, жаңа ережелер. Сондықтан алғашқы күндері бала қобалжуы, жылауы немесе тамақ ішуден, ұйқыдан бас тартуы – бұл қалыпты жағдай екенін естен шығармайық.
Бейімделу кезеңі әр балада әр түрлі өтеді. Кейбір балалар бірнеше күнде үйренсе, кейбіреулерге бірнеше апта, тіпті ай қажет болады. Бұл кезеңде ең маңыздысы – ата-ананың сабырлылығы мен түсіністігі.
Балаға бейімделу оңайырақ болуы үшін мына кеңестерді ұстанған жөн:
1.Балаңызды алдын ала дайындаңыз. Балабақша туралы жылы сөздер айтыңыз, «барып ойнайсың», «достар табасың» деп қызықтырыңыз.
2.Қоштасуды ұзартпаңыз. Таңертең баланы бақшаға әкелгенде, жылы құшақтап, қысқа ғана «Кешке келемін» деп сендіріңіз.
3.Үйде балаға тұрақтылық пен тыныштық беріңіз. Кешке міндетті түрде әңгімелесіп, күні қалай өткенін бірге талқылаңыз.
4.Педагогтарға сенім білдіріңіз. Бала тәрбиешінің мейірімін сезінсе, өзін қауіпсіз сезінеді.
5.Баланың ұсақ жетістіктерін байқап, мадақтаңыз. «Бүгін сен жыламай кірдің ғой, жарайсың!» деген жылы сөздер баланың өзіне сенімін арттырады.



